Accessibility links

Алматыда "Феникс" ісі бойынша айыпталғандарға сот үкімі шықты


Судья шартты жаза тағайындаған Қазақстан халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов сот залынан шыққаннан кейін журналистерге сұхбат беріп тұр. Алматы, 1 маусым 2017 жыл.
Судья шартты жаза тағайындаған Қазақстан халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов сот залынан шыққаннан кейін журналистерге сұхбат беріп тұр. Алматы, 1 маусым 2017 жыл.

Бүгін Алматының Медеу аудандық қылмыстық істер сотында "Феникс" көркем фильмін түсіруге мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқырды" деп айыпталған тоғыз адамға қатысты сот үкімі шықты.

Судья Тәкен Шәкіров қылмыстық іс бойынша айыпталған танымал актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұлов "сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иеленген немесе талан-таражға салғаны" үшін айыпты деп танып, оған жеті жыл мерзімге шартты жаза тағайындады. Сонымен бірге, сот Жаманқұловқа мемлекеттік органдарда басшы қызмет атқаруына 5 жылға тыйым салды. Судья Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылық бойынша Жаманқұловтың жаза мерзімінің жартысы қысқартылатыны туралы хабарлады.

"Феникс" фильмі режиссері болған Талғат Жәнібеков жеті жыл шартты мерзімге сотталды және сот шешімімен оған да бес жыл басшы қызмет атқаруына тыйым салынды. Рақымшылық заңы бойынша Жәнібековтің де жаза мерзімінің жартысы қысқартылды.

"Қазақфильм" компаниясының бұрынғы топ-менеджері Гауһар Ысқақоваға сот "қызмет бабын теріс пайдаланғаны" үшін бір жыл бостандығын шектеу жазасын тағайындап, мүлкін тәркіледі және өмір бойы мемлекеттік мекемелерде лауазымды қызмет атқару құқығынан айырды. Сот рақымшылық заңы бойынша Ысқақованы негізгі жазасын өтеуден босатты.

Осы кезге дейін тергеу абақтысында қамауда болған Талғат Жәнібеков пен Гауһар Ысқақова үкім жарияланғаннан кейін сот залынан бостандыққа шықты.

"Феникс" фильмінің атқарушы продюсері Наталья Юдинаға судья жеті жылға шартты жаза тағайындады. Сот рақымшылық заңы бойынша оның да жаза мерзімінің жартысын қысқартып, бес жылға мемлекеттік басшы қызмет атқару құқығынан айырды.

Ғизат Сұлтановқа 5 жыл шартты жаза тағайындалып, мемлекеттік органдарда материалдық жауапкершілігі бар қызмет атқаруына 3 жылға тыйым салды.

Илья Коробейников пен Марлен Әбішевтің әрқайсысы 3 жыл 9 айға шартты мерзімге сотталып, мемлекеттік органдарда материалдық жауапкершілігі бар қызмет атқару құқығынан 3 жылға айырылды.

Бижан Әбішевке бір жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындаған сот оның мүлкін тәркілеп, өзін мемлекеттік органда материалдық жауапкершілігі бар қызмет атқару құқығынан 3 жылға айырды. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылық бойынша Бижан Әбішев жазасын өтеуден босатылды.

Сот Данияр Әбдіқадыровқа 7 жыл шартты жаза тағайындап, мемлекеттік органда басшы қызмет атқару құқығынан 5 жылға айырды.

Бұған қоса сот мәдениет және спорт министрлігі талабын ішінара қанағаттандырып, Тұңғышбай Жаманқұловтан 3,4 миллион теңге, Талғат Жәнібековтен – 4,3 миллион теңге, Ғизат Сұлтановтан – 1 миллион 54 мың теңге, Данияр Әбдіқадыровтан – 9,6 миллион теңге, жиыны - аталған төрт адамнан 18 миллион теңгеден астам қаражат өндіртіп алу туралы шешім шығарды. Сотталушылардан сот шығындары мен сараптама жасауға кеткен қаржы да өндіріліп алынатын болды.

"Феникс" ісіне байланысты сот процесі 2017 жылғы наурыздың 9-ы күні басталған. Қылмыстық іс бойынша тоғыз адам "мемлекеттен кино түсіруге бөлінген 69 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырған" деген айыппен сотқа тартылған.

"Феникс" ісі бойынша сот үкімі туралы видео:

XS
SM
MD
LG