Accessibility links

Астанада ШЫҰ саммитінің негізгі жұмысы басталды


ШЫҰ-ға мүше елдер - Өзбекстан, Ресей, Қазақстан, Қытай және Тәжікстан басшылары Астанада концертте отыр. 8 маусым 2017 жыл.
ШЫҰ-ға мүше елдер - Өзбекстан, Ресей, Қазақстан, Қытай және Тәжікстан басшылары Астанада концертте отыр. 8 маусым 2017 жыл.

Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) құрамындағы елдер басшыларының саммитінің негізгі бөлігі басталды. Саммит жұмысын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашты.

Саммитке ШЫҰ елдері - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қытай президенті Си Цзиньпин, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысып жатыр.

Сонымен қатар саммитке бүгін ұйымға толық қабылданатын Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди мен Пәкістан премьер-министрі Мохаммад Наваз Шариф, ұйымға бақылаушы елдер - Ауғанстан президенті Ашраф Ғани, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Монғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорж және Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрагим Рахимпур да қатысатыны хабарланған.

Кеше Нұрсұлтан Назарбаев саммитке қатысуға келген Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, бұл саммитте ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістан ресми түрде толық қосылатынын айтқан.

Саммит қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, оның ішінде халықаралық терроризмге қарсы тұру жөнінде Астана декларациясына қол қою жоспарланған.

Саммитен соң мемлекет басшылары халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына қатысады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ШЫҰ саммитіне шетелдік БАҚ-тардың 450-ден астам өкілі тіркелген.

ШЫҰ құрамында қазір Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан бар.

XS
SM
MD
LG