Accessibility links

Трамп: Коми сенатқа жауабында жалған сөйледі


АҚШ президенті Дональд Трамп. Ақ үй, Вашингтон, 9 маусым 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп. Ақ үй, Вашингтон, 9 маусым 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп елдің федералдық тергеу бюросының бұрынғы директоры Джеймс Комиді "жалған сөйледі" деп айыптады. Коми бейсенбі күні сенаттың барлау жөніндегі комитетінің тыңдауында өзін қызметтен алғанға дейінгі кездесулерде Трамппен арада болған әңгімелер және жұмыстан босауының жайттары туралы сауалдарға жауап берген.

Жұма күні Вашингтонда журналистер сұрағына берген жауабында Трамп Ресеймен байланысы болған деген күдікке қалған бұрынғы қауіпсіздік кеңесшісі генерал Майкл Флиннді тексеру ісін тоқтату туралы Комиге өтініш айтпағанын мәлімдеген. Сонымен бірге Трамп Комиден ешқашан "адал болуды" сұрап көрмегені жайлы айтқан.

Бұған дейін сенат комитеті алдында тек қана шындықты айтуға ант беріп, өзіне қойылған сауалдарға жауабында Джеймс Коми Трамп одан өзіне "адал болуды" сұрап, Флиннге қатысты тексеру ісін жабу туралы ишара білдіргені туралы мәлімдеген. АҚШ заңы бойынша ант беріп айтқан өтірік – қылмыс болып саналады. Жұма күні журналистерге берген жауабында Трамп өз сөзінің «жүз пайыз» растығын қуаттап, ант беруге әзір екенін айтқан.

Комимен болған әңгімелердің аудиотаспасы бар ма деген сауалға Трамп жақын арада баспасөз ол жайында хабардар болады деп жауап берген. Бұған дейін сенаттың барлау жөніндегі комитеті Ақ үйді аталған әңгімелердің жазбалары бар болса, оны екі аптадан кешіктірмей ұсынуға шақырған болатын.

Джеймс Комидің федералдық тергеу бюросы басшылығынан алынуы және оның алдында президент Трамппен арадағы әңгімелеріне Америка қоғамында қатты мән беріп отыр. Өйткені Коми Ресейдің АҚШ-тағы президент сайлауына ықпал ету ықтималдығы туралы істі тексеруге байланысты қызметтен босатылғанын айтады. АҚШ арнайы қызметтері, сонымен бір мезгілде Конгресс Трамптың сайлауалды штабы мен Ресей арасында байланыс болғаны не болмағанын анықтау үшін тексерулер жүргізіп жатыр. Коми сенат комитетіне берген жауабында Трамптың өзіне қатысты тексеру жүргізілмегенін айтқан.

XS
SM
MD
LG