Accessibility links

CNN Магнитский ісіне қатысы бар құжаттар тапқанын жариялады


Ресейлік заңгер Сергей Магнитский. Мәскеу, 16 қараша 2006 жыл.
Ресейлік заңгер Сергей Магнитский. Мәскеу, 16 қараша 2006 жыл.

АҚШ-тың CNN телеарнасының журналистері ресейлік заңгер Сергей Магнитскийдің ісіне қатысы бар құжаттарды тапқаны туралы мәлімдеді. Магнитский қылмыстық қаржы схемасын әшкерелегеннен кейін Мәскеу түрмесіне қамалып, 2009 жылы сонда қайтыс болған.

CNN журналистерінің айтуынша, Ресейден басқарылатын және орыс үкіметімен байланысы бар әлдебір "инвестициялық топ" Сирияның химиялық қару жасау бағдарламасын қаржыландыратын фирмаға кемінде 900 мың доллар аударған. Жасалған келісім мен банк жазбаларына сәйкес, 2007 жылдан бастап 2008 жылдың басына дейін компания Balec Trading Ventures фирмасына "жоғары технологиялық жихаз" үшін үш миллион доллардан астам ақша төлеуге келіскен. Банк аударымдары жайлы жазбалар кемінде 900 мың доллардың төлемі жасалғанын растайды.

Ресейлік қылмыстық топпен байланысы болуы ықтимал компания Quartell Trading деп аталған. АҚШ әділет министрлігінің есебі бойынша, бұл есеп-шоттарына Ресейдегі салық төлеушілерден ұрланған миллиондаған доллар ақша аударылған көптеген делдалдардың бірі. Бұдан он жыл бұрын "тазартылып", заңды айналымға салынған осы ақша мен Путин билеген Ресейдегі ең көлемді коррупциялық істердің бірі – "Магнитский ісі" арасында байланыс бары аңғарылады.

Balec Ventures фирмасы Ресей азаматы Исса әл-Зейдидің иелігінде. АҚШ қаржы министрлігі 2014 жылы конвенция тыйым салған қару әзірлеумен шұғылданған ғылыми-зерттеу орталығының қызметіне байланысты бұл адамға санкция жариялаған. CNN телеарнасының зерттеуінде аталған ғылыми-зерттеу орталығы жүйке жүйесін зақымдап, салдандыратын құралдар дайындау жұмыстарымен айналысқаны айтылған.

XS
SM
MD
LG