Францияда парламент сайлауының екінші кезеңіне дауыс беруге сайлаушылардың қатысу белсенділігі тым бәсең – мұндай көрініс 1997 жылдан бері алғаш болып отыр дейді бақылаушылар. Париж уақытымен талтүске дейін дауыс беруге келген сайлаушы саны 18 пайызды ғана құраған.
Бұл жолғы сайлауда президент Эммануэль Макрон мен оның "Республика, алға!" қозғалысы саяси бәсекелестерінен озады деген болжам бар.
Бүгінгі парламент сайлауы елде бұрынғы инвестициялық банкир, 39 жастағы Макронның президенттік сайлауда әсіре оңшыл саясаткер Марин Ле Пенді жеңіп, Франция президенті болып сайланғанына бір ай толғанда өтіп жатыр.
Эммануэль Макронның саяси мақсаттарының арасында қатаң еңбек заңын жұмсарту, мемлекеттік секторда ондаған мың жұмыс орнын қысқарту шаралары бар.
"Республикашылдар" консервативтік партиясы бұл сайлауда екінші орын алуы мүмкін.
Елдің бұрынғы президенті Франсуа Олландтың социалистік партиясына парламенттен 35 орын тиюі ықтимал деген болжам айтылып отыр.