Анкараның мәлімдеуінше, Түркия, Ресей мен Иран Сириядағы "деэскалация туралы" келісімге мониторинг жасау тетіктерін дайындап жатыр. Жобада Сириядағы деэскалация аймақтарын құруға америкалық әскерилерді де қатыстыру қарастырылған.
Associated Press агенттігінің ақпаратына қарағанда, Ресей мемлекеттік думасы қорғаныс комитетінің басшысы Владимир Шаманов 22 маусымда Ресей Қазақстан мен Қырғызстаннан мониторинг жасауға әскер жіберуді сұрағанын хабарлады. Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің өкілі мен осы ел қарулы күштері бас штабының қолбасшылығы Қырғызстан әскерилерін Сириядағы операцияларға қатысуға жіберу мүмкіндіктері туралы ақпараты жоғын айтты.
Түркияның Hurriyet газеті 22 маусымда Түркия президенті Режеп Ердоғанның өкілі Ибрагим Калынның "Біз (түрік әскері) сірә, Ресеймен бірге Идлиб провинциясында негізгі рөлді атқарамыз, Дамаск маңында негізінен Ресей мен Иран болатын шығар" деп мәлімдегенін жариялады. Калын сонымен қатар Ресейдің Қазақстан мен Қырғызстанға Сирияға әскер жіберу туралы ұсыныс жасағанын да мәлімдеді. Ол "Дераа маңында америкалықтар мен Иордания әскерін орналастыруды көздейтін механизм" де қарастырылып жатқанын айтты. Түркия өкілінің сөзінше, қай аймаққа қай елдің әскері және қанша әскер орналасатыны туралы егжей-тегжейлі жоспар жасалып жатыр.
Азаттық бұл ақпаратқа қатысты комментарий алмақ болып, Қазақстан қорғаныс министрлігі мен сыртқы істер министрлігіне хабарласқанымен, әзірге байланыса алмады.