Accessibility links

БҚО-да киік мүйізі контрабандасына күдікті бір жылдан соң қамалды


Ірі көлемде киік мүйізі контрабандаасын жасамақ болды делінген күдікті Нұрғали Байқатовты сот залынан қолына кісен салып әкетіп барады. Орал, 23 маусым 2017 жыл.
Ірі көлемде киік мүйізі контрабандаасын жасамақ болды делінген күдікті Нұрғали Байқатовты сот залынан қолына кісен салып әкетіп барады. Орал, 23 маусым 2017 жыл.

Орал қаласы қылмыстық істер сотының судьясы Асқар Ысмайылов киік мүйізі контрабандасына қатысты күдікке ілінген қала тұрғыны Нұрғали Байқатовты бұлтартпау шарасын қамауға алу түріне өзгертті. Байқатов бұған дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген. Сот күдікті "жасырынып, я сот тергеуіне кедергі келтіруі мүмкін" деді. Байқатовқа сот залында алдын ала сот шешімі шыға сала кісен салынды.

50 жастағы Байқатов өткен жылы сәуір айында Оралдағы темір жол вокзалында ұсталған. Батыс Қазақстан облыстық (БҚО) ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, басқарма қызметкерлері оның автокөлігінен "402 ақбөкен мүйізін тапқан".

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы басшысының орынбасары Серік Мәженовтың айтуынша, 402 мүйізді жинау үшін күдікті 200-ден астам ақбөкенді өлтірген болуы мүмкін. Мәженовтың сөзінше, мемлекетке 170 миллион теңге шығын келген. Бір мүйіздің құны - 453 мың теңгеге бағаланады. Тергеу болжамынша, Байқатов "ұсталғанға дейін жолсерікпен келісіп, мүйіздердің бір бөлігін Орал - Алматы пойызына тиеп жіберген".

Байқатовтың адвоаты Асан Арыстанов тергеу барысында "көптеген заң бұзушылық болғанын" мәлімдеп, соттан істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады. Прокурор Дәурен Тәжіғалиев сотқа күдіктінің айыбы "толық дәлелденгенін" айтты. Байқатовтың өзі комментарий беруден бас тартты.

Алдын ала сот тыңдауы 28 маусымға белгіленді.

Батыс Қазақстан облысы территориясын мекендейтін киіктердің Орал популяциясы әлемдегі саны ең көп популяция (52 мың бас) саналады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда биыл сәуірдің соңындағы есеп бойынша киік саны 150 мыңнан асқан. Ресми мәлімет бойынша, облыста 2017 жылдың басынан бері ақбөкен мүйізін жинаған 16 браконьерлік оқиға тіркелген.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG