Accessibility links

Астананы азаптауды тәуелсіз әрі тиімді тергеуге мүмкіндік беруге шақырды


Жаңаөзен оқиғасы бойынша сот өтіп жатқан ғимарат сыртында тұрған полиция көліктері. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл (Сурет "Лада.кз" басылымынан алынды).
Жаңаөзен оқиғасы бойынша сот өтіп жатқан ғимарат сыртында тұрған полиция көліктері. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл (Сурет "Лада.кз" басылымынан алынды).

Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) азаптауға қарсы коалициясы Қазақстан үкіметін түрмелердегі азаптау мен кісі өлімі фактілері туралы мәлімдемелерді тәуелсіз және тиімді түрде тергеу механизмдерін барынша жедел енгізуге шақырды. 26 маусым - Халықаралық азаптау құрбандарын қолдау күні.

Қазақстандық адам құқығы бюросының ресми сайтында 25 маусымда жарияланған мәлімдемеде ҮЕҰ-ның азаптауға қарсы коалициясы үкіметтен 2011 жылы 21 желтоқсанда Жанаөзендегі оқиға кезінде уақытша ұстау абақтысында көрген азаптау салдарынан қаза тапқан Маңғыстау облысы Қызылсай ауылының тұрғыны Базарбай Кенжебаевтың өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен іргесіндегі Қызылсай ауылынан қаладағы перзентханадағы қызына келген Базарбай Кенжебаевты күш құрылымдарының қызметкерлері ұстап әкетіп, абақтыға жапқан. Абақтыдан соң ауруханаға түскен Кенжебаевты 19 желтоқсанда ауруханадан шығарған. Ол ресейлік "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Костюченкоға сұхбат берген.

Коалиция мәлімдемесінде 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты ұсталған өзге ондаған адам да азаптауға ұшырағанын мәлімдегенін, бірақ ешкім жазаланбағанын айтады. Жаңаөзенде мұнайшылардың бірнеше айға созылған ереуілі күшпен басылған. Бас прокуратураның мәліметінше, 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде және ертесі күні Шетпе станциясында болған қақтығыс пен полицияның оқ атуынан 16 адам қаза тапқан.

2012 жылы Ақтау қалалық соты полицияның бес қызметкерін Жаңаөзендегі оқиғалар кезінде қызметін асыра пайдаланды деген айыппен бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімдерге соттаған. Бірақ кейін барлық полиция қызметкері мерзімінен бұрын босатылды.

XS
SM
MD
LG