Иран президенті Хассан Роухани Түркияның Тигр және Евфрат өзендеріне бөгет салу жобасын сынады. 3 шілдеде Тегеранда құмдағы дауыл мәселелеріне арналған конференцияда сөйлеген Роухани бөгет бүкіл Таяу Шығыс аймағына қауіп төндіретінін мәлімдеп, Түркиядан бөгет құрылысын тоқтатуды талап етті. Роухани Түркияның атын атамағанымен, Сирия мен Ирак территорияларынан өтетін екі өзен бойында салынатын бөгеттердің "кері салдары" көпке, оның ішінде Иранға да тиетінін айтты.
Түркияның Тигр және Евфрат өзендерінің жоғарғы ағыстарына бақылау орнатуға ұмтылуы Таяу Шығыста дау туындатып отыр. Бөгет жобасын сынайтындар Түркияның бұл шешімі Сирия мен Иракта су тапшылығын тудырып, аймақты тұрақсыздық пен соғысқа ұрындыруы мүмкін дейді. Сириялық күрдтер биыл ақпанда Түркияны Евфратта бөгеген суды саяси ықпал ету тетігі ретінде пайдаланбақ деп айыптады.
Белсенділер Түркияның Илису елді мекенінде Тигр өзеніне бөгет салу Ирактың оңтүстігіндегі сазды аймақққа келетін су көлемін азайтып, батпақты құрғатып жібереді деп ескертеді.