5 шілде күні Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов адам құқықтарын қорғайтын халықаралық Human Rights Watch (HRW) ұйымымен Өзбекстан үкіметінің қайта байланыс орнататынын мәлімдеді. Камилов бұл ақпаратты телеарна арқылы сауалдарға жауап берген кезінде айтқан.
Камилов «Жақында Human Rights Watch ұйымының атқарушы директоры Кеннет Росстан хат алдық. Ол хатында [Стив] Свердлов (HRW ұйымының Орталық Азиядағы зерттеушісі) бастаған шағын топты Өзбекстанға кіргізуді сұрады. Біз оларды кіргізуге дайынбыз» деген.
Камилов HRW-мен ынтымақтастық өзара құрмет және "ішкі істерге араласуға жол берілмейтін" жағдайда іске асуы тиіс дейді. Оның үстіне, Камилов-тың сөзінше HRW Өзбекстанның «өзгешелігін, дәстүрлері мен салттарын сыйлауы керек».
Министр «Біз Өзбекстанның демократиялық дамуын өзімізше елестетеміз. Бұл тарапта құрметті президентіміз Шавкат Миромонович Мирзияев ел басшылығына келген күннен бастап көптеген істер атқарып жатыр» деген.
Оның сөзінше, «бұл жерде тыйым салынған тақырыптар жоқ» және «барлық мәселелерді сабырмен талқылауға болады».
«Түрлі көзқараста болуымыз, әртүрлі мәселелерге әр тарап басқаша қарауы мүмкін. Бірақ ол біздің бір кеңістікте жұмыс істей алмайтынымызды білдірмейді. Есігіміз ашық, біз тек Human Rights Watch-ты ғана кіргізейік деп отырғанымыз жоқ, басқа ұйымдар да келсін» деген Абдулазиз Камилов.
HRW-дің Ташкенттегі кеңсесі 1996 жылы ашылған. Бірақ 2007 жылы Өзбекстан оның өкілдерін тіркеуден бас тартты. 2011 жылы маусым айында Өзбекстан Жоғарғы соты HRW өкілдігін жабу туралы осы елдің әділет министрлігі түсірген арызды қанағаттандырған болатын.
2011 жылы Human Rights Watch зерттеушісі Стив Свердлов журналистерге "ұйымның жұмысын Өзбекстанда адам құқықтары ахуалы нашарлаған кезде тоқтатуға мәжбүр болғанын" айтқан. Ол "өзбек түрмелерінде қазір ондаған саяси тұтқындар азаптауға ұшырап жатыр" деген еді.