Ресейдегі "Мемориал" адам құқығын қорғау орталығының басшысы Виталий Пономаревты 9 шілдеде Қазақстаннан Қырғызстанға кіргізбей қойды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясына Пономаревтың өзі хабарлады.
"Қырғызстан территориясына кірер алдындағы төлқұжат тексеруінде шекарашылар менің төлқұжатымды алып кетті. Біраз уақыттан соң олар қайтып келіп, маған елге кіруге рұқсат жоқ екендігі туралы акт ұстатты" деді Пономарев.
Оның айтуынша, 29 маусымда ол Мәскеуден Қырғызстанға ұшып барып, экстремизммен күрес жөніндегі форумға қатысқан. 4 шілдеде ол Астанаға ұшып кеткен. Ұшаққа отырғызу кезінде шекарашылар оны 50 минуттай ұстап, кейін босатып жіберген. Ол Бішкекте жеке заттары қалғанын, 10 шілдеде Мәскеуге ұшуы керектігін айтты.
"Мемориал" адам құқығын қорғау орталығының басшысы Виталий Пономаревтің Қырғызстанға кіруіне бұрынғы президент Құрманбек Бакиев билігі кезінде тыйым салынған. 2009 жылы оны "Манас" әуежайында шекарашылар жібермей қойған, екінші мәрте Пономаревті Қайыңды темір жол станциясынан кері қайтарған.
Қырғыз адам құқығын қорғаушылары Пономаревты Қырғызстанға кіргізбей қоюына байланысты жергілікті омбудсменге шағымданды. Қазір Пономарев ұшаққа алған билетін, Бішкекте қалған жеке заттарын қайтарып алуға әрекеттеніп жатыр.