Ресейлік "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Милашина Шешенстанда қаңтар айында бір түннің ішінде елуден аса тұрғынның ешқандай сотсыз-тергеусіз өлтірілгені жөнінде материалдар жиналғаны туралы айтады. Бұған дейін журналист 27 адамның әлгіндей қазаға ұшырағаны жайлы жазған болатын.
"Эхо Москвы" радиостанциясы эфирі кезінде сұрақтарға жауап берген Милашина қаза болған бірнеше адамның туыстары табылғаны, олардың Ресей тергеу комитетіне қылмыстық іс қозғауын сұрап арыздануға дайын отырғанын хабарлаған.
Шілденің 10-ы күні "Новая газета" басылымы редакциясы Ресей президентінің адам құқықтары жөніндегі кеңесін Шешенстандағы сотсыз-тергеусіз қазаға ұшыраған 27 адамның тағдырына назар бұруға шақырған. Олардың қандай күдікке іліккендері де белгісіз. Басылым дереккөздерінің хабарлауынша, әлгі адамдарды өлтіруге Шешенстандағы жоғары лауазымды шенеуніктер де қатысқан. Шешенстан жетекшілері газет мақаласындағы деректерді "жалған" деп атаған.
Милашина Шешенстан тұрғындары республика басшысы Рамзан Қадыровтан үрейленіп қалғанын айтады. Шешенстандағы билік еш жазасыз қалатын ахуалды журналист "Қадыровтың Шешенстанына" Кремль беріп қойған "құқықтық иммунитет" деп атады.
Сәуірдің 1-нен ресейлік "Новая газета" басылымы Шешенстандағы гейлерді жаппай қудалау, ұрып-соғу, азаптау, тіпті өлтіріп тастау оқиғалары туралы журналистік зерттеу мақалаларын жариялай бастаған. Мұнан соң редакция мен мақалалар авторы Милашинаға Шешенстан билігі тарапынан қоқан-лоққы жасалған. Журналист сәуір айының соңынан бері көбінесе Ресейден тыс жерде тұруға мәжбүр болғанын айтқан.