Қытайда ішінара бұғаттаудың салдарынан WhatsApp мессенджерінің жұмысы нашарлаған. Кейбір қолданушылар фото, видео, хабарлама жібере алмаған. WhatsApp өкілдері бұл жайтқа қатысты пікір білдірген жоқ.
Америкалық The New York Times басылымының жазуынша, бұл бұғаттау Қытай коммунистік партиясының кезекті съезіне қатысты болуы мүмкін.
Басылым Нобель сыйлығының қытайлық иегері Лю Сяобоның өлімінің әлеуметтік желіде жаппай талқылануы да бұғаттауға себеп болар деп топшылайды. Қытай билігі Лю Сяобоның өліміне қатысты әлеуметтік желіде жазылған барлық жазбаны жойып отыр.
WhatsApp - америкалық Facebook компаниясына тиесілі мессенджер. Бұл - Facebook компаниясының Қытай аумағында жұмыс істейтін жалғыз сервисі. Қытай билігі 2009 жылы Facebook, 2014 жылы Instagram желісін бұғаттаған. Елде Google, YouTube және Twitter де ашылмайды.