Accessibility links

ХІІ халықаралық Еуразия кинофестивалі ашылды


Еуразия кинофестивалі белгісі - ілбіс.
Еуразия кинофестивалі белгісі - ілбіс.

Сенбінің кешінде Астанадағы "Қазақстан" орталық концерт залында ХІІ халықаралық Еуразия кинофестивалі ашылды деп хабарлайды "Қазақпарат" агенттігі.

Кинофестиваль басталмас бұрын оған жиналған жұртшылық дәстүр бойынша қызыл кілемнің үстімен жүріп өткен өнер адамдарына қошемет көрсетті. Кинофестивальдің ашылу салтанатына Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова және басқа қазақстандық актерлермен бірге Димаш Құдайберген сынды өнер жұлдыздары да қатысты.

Астанадағы мәдени шараға шетелден арнайы келген Голливуд жұлдыздары Николас Кейдж пен Эдриан Броуди сценариийге қарамай, xалыққа жақын жермен жүріп өткенді жөн көрді. Николас Кейдж әрбір адамға қолын беріп, амандасып өтті. Эдриан Броуди өзін жібергісі келмеген жұртпен әңгімелесіп, кейбіреулерімен суретке түсіп, біраз бөгелді.

Бұларға қоса кинофестивальдің ашылуына Үндістан, Ресей, Қытай мен Еуропаның танымал актерлері, режиссерлері мен киносыншылары қатысты.

ХІІ халықаралық Еуразия кинофестивалін ұлттық кинематография өнері мен ғылымдары академиясының президенті Айман Мұсақожаева мен Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашты.

Астанада шілденің 28-іне дейін жалғасатын "Еуразия" кинофестивалінде соңғы бір жылдың көлемінде экранға шыққан фильмдер көрсетіледі. Олардың арасында қысқа және толық метражды фильмдер, авторлық және жанрлық кино туындылары бар. Сонымен бірге кинофестиваль аясында "Бес құрлық" атты балалар фильмдерінің конкурсы ұйымдастырылады. Орталық Азия мен түркі тілдес елдердің шығармалары "Тұлпар" ұлттық сыйлығын сарапқа салады.

Биылғы "Еуразия" кинофестивалі аясында алғаш рет Eurasia Film Market ұйымдастырылады.

XS
SM
MD
LG