24 шілдеде Шолпан Атада өткен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың баспасөз мәслихатында сұрақ қойған Super.kg ақпарат агенттігінің тілшісі Автандил Добулбеков жұмыстан қуылғанын мәлімдеді.
Журналист "баспасөз мәслихатынан кейін редакцияға келсем тосын сый дайындап қойыпты" деп жазды Facebook парақшасында. Ақпарат агенттігі журналистің мәлімдемесіне қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Атамбаевтың баспасөз мәслихатында Добулбеков президенттен "қырғыз халқын неге жиі сынайсыз?" деген сұрақ қойған. Атамбаев оның сауалы "өсек-аянға құрылғанын" айтып, журналистке "журналист кәсіби болу керек" деп ескерту жасаған.
Super.kg сайты мен "Супер инфо" газетінің иесі - Қырғызстанның Малайзиядағы бұрынғы елшісі Кылычбек Султанов. Ол қызметінен 2016 жылы тамызда кеткен. Султанов Қырғызстан конституциясының өзгеруіне қарсы шыққан. Кейін елші Facebook желісінде Атамбаевтан кешірім сұраған.