Accessibility links

Гүлнара Каримованың қамауға алынғаны хабарланды


Гүлнара Каримова.
Гүлнара Каримова.

Өзбекстанның бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың қамауға алынғанын хабарлады. Оған қылмыстық кодекстің алты бабы бойынша айып тағылған. Хабарламада Каримованың қай уақыттан бастап қамауда отырғаны жазылмаған.

Прокуратураның мәлімдемесінде Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримова 2015 жылы бес жылға бас бостандығынан айырылғаны, оның үстінен екінші рет қылмыстық іс қозғалып жатқаны жазылған.

Прокуратураның хабарлауынша, "Каримованың мемлекет пен жеке азаматтарға келтірген шығын көлемі 1 триллион 270 миллиард 200 миллион сот, 1 миллиард 651 миллион доллар, 26,1 миллион еуроны құрайды. Тергеу материалдарына сай Каримова 12 шетел территориясында заңсыз жолмен 1 миллиард 394 миллион доллар, 63,5 миллион еуро, 27,1 миллион фунт, 18,5 миллион франкқа тең активтер иеленген".

Прокуратура Гүлнара Каримова Швеция, Швейцария, БАӘ, Мальта, Гонконг, Ұлыбритания, Германия, Францияда активтері мен жылжымайтын мүліктері, ұшақтары болғанын мәлімдеді. Өзбекстан халықаралық заңдарға сай шетелдік органдарға қылмыстық топтың активтеріне арест қою туралы өтініш жібергені де хабарланды.

Бір кездері әкесі Ислам Каримовтың ең ықтимал мұрагері саналған Гүлнара Каримова коррупциялық жанжалға шатылып, 2014 жылы Өзбекстандағы медиа ресурстарынан айырылған. Каримова 2014 жылдан бері үйқамаққа алынып, коррупциялық қылмысқа қатысты тергеліп жатқаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG