Accessibility links

Алматыда белсенділер батыс лидерлеріне хат жолдады


Азаматтық белсенділер Желтоқсан ескерткіші алдында тұр. Алматы, 29 шілде 2017 жыл.
Азаматтық белсенділер Желтоқсан ескерткіші алдында тұр. Алматы, 29 шілде 2017 жыл.

Алматы қаласында бүгін жиырмаға жуық белсенді бас поштадан кейбір батыс елдерінің, Еуропа Одағы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен тағы бірнеше халықаралық демократиялық ұйымдардың басшыларына хат жолдады. Олар Қазақстандағы саяси астары бар қылмыстық істер бойынша билік тарапынан қудалауға түскен деп саналатын, қазір түрмеде отырған белсенділер мен қоғамға танымал тұлғалардың тағдырына, Қазақстандағы адам құқығының бұзылып отырғанына назар аударуға шақырған. Хат авторлары азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды, диссидент Арон Атабекті, журналистер Жанболат Мамай, Сейітқазы және Әсет Матаевтарды, профессор Саят Ибраевты, "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті, құқыққорғаушы Вадим Курамшинді, блогер Санат Досовты, кәсіподақ лидерлері Нұрбек Құшақбаев пен Әмин Елеусіновті қамаудан босатып, олардың үстінен қозғалған қылмыстық істерді доғаруды талап еткен.

Әуелі Алматыдағы Махатма Гандидің ескерткіші алдына жиналған азаматтық белсенділерге жергілікті прокуратура мен полиция өкілдері бүгінгі акция рұқсат етпеген жиын түрінде өтетін болса оған қатысушылар заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке, ал егер өзгеше салдарға апаратын болса, қылмыстық жауапқа тартылулары мүмкін екенін ескертті. Бір өзі үш қоғамдық ұйым – Жемқорлықпен күресетін халық майданы, "Жаңаөзен 2011" халықаралық комитеті және "Журналистер қауіп-қатерде" қорына жетекшілік ететін құқыққорғаушы Рамазан Есіргеповке де әлгіндей ескерту дербес жасалды. Бүгін таңертең полиция қызметкерлері Есіргеповті бұл акцияға қатыстырмауға тырысты – Есіргеповке үйінің алдында жолыққан полиция аға лейтенанты құқыққорғаушыны өзімен бірге полиция бөліміне баруға шақырды. Бірақ полицияға баруына ешқандай негіз жоқ екендігін мәлімдеген Есіргепов, осыдан екі ай бұрын өміріне жасалған қастандықтан кейін оны күзетуге қойылған көлік полициясы подполковнигімен бірге белсенділер жиналып жатқан Махатма Гандидің ескерткіші алдына барды. Полиция өкілдері Рамазан Есіргеповті жұма күні кешкісін полиция бөліміне алып бармақ болған еді. Бірақ құқыққорғаушының үйіне келген жедел жәрдем дәрігерлері мамырдың 14-і күні пышақтан ауыр жарақат алған Есіргеповтің денсаулық жағдайы оны тергеуге алуды көтермейтінін айтқан.

Сенбі күні Алматыдағы Махатма Гандидің ескерткіші алдына жиналған белсенділер сол жерден жаяуларға арналған жолмен қала орталығындағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы құрбандарына қойылған ескерткішке барып, гүл қойды. Бұдан кейін Алматының бас пошта мекемесіне жаяу жеткен олар батыс елдері лидерлері мен халықаралық демократиялық ұйымдардың жетекшілеріне хат жолдады.

Поштадан шыққаннан кейін олар сол маңдағы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ескерткішіне барып, белсенділердің кейбірі қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқыды. Бұдан соң белсенділер үйлеріне тарап кетті.

Полиция ешкімді ұстаған жоқ.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG