Құқық қорғаушы, журналист Рамазан Есіргепов бүгін соңғы уақытта тұрып жатқан Алматының Медеу ауданындағы пәтерінде жоқ болып шықты. Туыстары мен таныстары Есіргепов таңертеңнен бері телефонға жауап бермей тұрғанын, қайда екенін білмейтінін айтты.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 2 тамыз күні таңертең Есіргеповтің туыстарының рұқсатымен оның үйіне терезеден кіріп, есікті ашты, бірақ үйде журналистің өзі болмай шықты.
Рамазан Есіргеповке қастандық жасалмақ болған соң мемлекет тағайындаған күзетші, Алматы қалалық көлік басқармасының қызметкері, подполковник Георгий Когай Азаттыққа бүгін таңертең сағат 8:30-да Есіргеповтің үйіне барғанын, бірақ ешкім есік ашпаған соң үйге кіре алмағанын, телефоны сөндіріліп тұрғанын айтты. Бұдан соң Когай Есіргеповтің танысы, азаматтық белсенді Жазира Тоғанбаеваға хабарласқан. Есіргеповтің үйіне барған Тоғанбаева үйге жедел жәрдем шақыртқан. Себебі Есіргепов қан қысымы көтеріліп кететін созылмалы сырқатқа шалдыққан, ал кеше ол Алматы қалалық сотында полицейлер ұстап әкеткенде өзін нашар сезінген.
Кеше полицияда Есіргеповке ол 29 шілдеде Алматыда түрмедегі саяси тұтқындар мен қамаудағы журналист Жанболат Мамайды қолдап марш ұйымдастырғанда "әкімшілік құқық бұзғаны" туралы хатта толтырмақ болған. Кеше Есіргеповтің өзін нашар сезінуіне байланысты оған жедел дәрігерлік ем-дом жасалып, үйіне жіберілген. Ал оның ісі әкімшілік сотқа жеткізілмеген.
Жазира Тоғанбаева бүгін Есіргеповтің үйіне полиция мен төтенше жағдайлар қызметін де шақыртты. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері үйді бұзып ашқан соң акт толтырып, оған Тоғанбаева қол қойды.
Ұзамай Есіргеповтің үйіне өзін Алмас деп таныстырған журналистің туысы келді. Ол барлық бөлме мен үй астындағы жайды, үй іргесін, есіктің құлпысын тексеріп шығып, қақпаны жауып кетті. Ол Азаттық тілшісінің "Рамазан Есіргепов қайда болуы мүмкін?" сұрағына ол туралы хабары жоғын айтты.
Медеу ауданына қызмет көрсететін жедел жәрдем станциясы Азаттыққа кеше Есіргеповтің үйінен шақырту түспегенін айтты. Алматыдағы әкімшілік қамауға алынғандар отыратын абақтыда Азаттыққа Рамазан Есіргеповтің ол жерде жоғын хабарлады. Алматы қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек Азаттыққа Рамазан Есіргеповтің қайда екені белгілі болса бірден хабарлайтынын айтты.
Рамазан Есіргепов 2009 жылы 8 тамызда Тараз қалалық сотының үкімімен "мемлекеттік құпияны жариялады" деген айыппен үш жылға сотталған еді. Есіргепов өзіне тағылған айыпты мойындамай, кәсіби қызметімен ғана айналысқанын, өзін "саяси мақсатпен ғана" соттап жатқанын айтқан. Есіргеповтің Қазақстанның жоғары сот инстанцияларына жазған шағымдары қанағаттандырылмаған. Бұдан соң Есіргепов БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымданып, комитет оған қатысты оң шешім шығарған.