АҚШ президенті Дональд Трамп Green Card алу ережесін өзгертуді ұсынды. Президент екі сенатормен бірге The RAISE деп аталатын заң жобасын даярлады. Жобада АҚШ-та тұруға рұқсат алған кезде Green Card алуға мүмкіндік жасайтын лотереяны жою қаралған.
Трамп ұсынған жүйе бойынша, Green Card алуға кезекке тұруда ағылшын тілін жоғары деңгейде білетін, табысы жоғары және АҚШ-та сұранысқа ие мамандығы бар мигранттарға басымдық беріледі. Президент мигранттарға аталған картаны берудің қазіргі жүйесін сынады. Оның сөзінше, бұл жүйенің нәтижесінде АҚШ-қа "жалақысы төмен мигранттар көптеп келіп, мемлекеттен жәрдемақы алатын жағдайға жеткен.
Қазіргі АҚШ-та тұруға рұқсат алу жүйесі 1990 жылы қабылданған. Қолданыстағы ереже бойынша, Green Card лотерея бойынша беріледі. Оған АҚШ-қа азаматтары аз иммиграция жасаған елдердің тұрғындары қатысады. Жыл сайын бұл жүйемен АҚШ-та тұрып жұмыс істеуге 50 мыңға тарта адам рұқсат алады.