АҚШ әділет министі Джефф Сешнс құпия ақпаратты көпшілікке жаю үкіметке ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне кедергі келтіріп отыр деп мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі кезде төрт шенеунікке айып тағылып, бұл саладағы тергеулер саны үш есеге көбейген. Сешнс айып тағылған адамдардың аты-жөнін атаған жоқ.
"Жетекшілерінің шетін мәселелерді құпия талқылауға мүмкіндігі жоқ ешбір үкімет тиімді жұмыс істей алмайды", - деп мәлімдеген Сешнс.
АҚШ бас прокуроры бұл туралы Washington Post газеті бейсенбідегі санында АҚШ президенті Дональд Трамптың Мексика мен Австралия жетекшілері Энрике Пенья Ньето және Малкольм Тернбуллмен телефон арқылы сөйлескен сөзінің мазмұны жарияланған соң мәлімдеме жасаған.
АҚШ ұлттық барлауының директоры Дэн Коутс журналистерге атқарушы билік құрылымдарында да, Конгресте де құпия материалдардың сыртқа тарап кететіндігі ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп айтқан.
Бұған дейін АҚШ президенті Трамп жеке өзі және әкімшілігі туралы жабық ақпараттың үнемі бұқаралық ақпарат құралдарына белгілі болып қалатындығына бірнеше рет кейіс білдірген болатын.