Ресейдің АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Сергей Кисляк АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Майкл Флинмен өткен "әңгіме аса сыпайы, байсалды, өте ашық болды" деп сипаттады.
"Россия 24" мемлекеттік телеарнасынан сөйлеген сөзінде Кисляк Флинмен байланысы туралы АҚШ Конгресіне куәгерлік етпейтіні туралы мәлімдеді. "Мен тек Ресей парламентінде ғана куәгерлік берер немесе сөйлер едім", - деген Кисляк.
"Біздің әңгімеміз қарапайым жайттар туралы болды. Ресей мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимыл үшін аса маңызды бірнеше тақырып бар, ең алдымен – терроризм мәселесі. Әңгіме аса сыпайы, байсалды, өте ашық өтті, біздің тарабымыздан ешқандай құпия ешқашан болған емес", - деді экс-елші.
Майкл Флинн 2016 жылғы қарашадағы АҚШ президенті сайлауы мен онда жеңіске жеткен Дональд Трамптың биыл қаңтарда өткен инаугурациясына дейінгі кезеңде Кислякпен байланыстары туралы басшылықты хабардар етпегені үшін кейін АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметінен кетуге мәжбүр болған. Кисляк өзіне Мәскеуден АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларын талқыламау жөнінде нұсқау берілгені туралы әдейі атап айтты.
Сонымен бірге Кисляк өткен жылғы АҚШ президенті сайлауында Трамптың саяси бәсекелесі болған, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонды қолдайтын Демократиялық партия өкілдері онымен байланыс орнатудан бас тартқандарын айтты.
"Мен Клинтон кампаниясындағы кездескім келген көп адамды атай алар едім, бірақ олар кездесуден жалтарды", - деді ол.
Сергей Кисляк АҚШ-тағы елші қызметін биыл шілде айында аяқтаған.