Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) басқарма төрағасы Нұрбүбі Наурызбаева 7 тамызда қордың банкрот болған Әзербайжан халықаралық банкіне салған қаржысын қайтару мәселесі реттеліп қалғанын мәлімдеді.
ҚазАқпараттың хабарлауынша, Наурызбаева бұл туралы Алматыда БЖЗҚ-ның 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығында атқарған жұмысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында айтты. Ол жиында қордың проблемалық активтерін қайтару процесі қалай жүргізіліп жатқанын баяндады. Оның сөзінше, жеке меншік зейнетақы қорларының активтері бірігіп, ол БЖЗҚ-ға берілген соң қорда 161 миллиард теңгенің проблемалық активі болған. Қазір 21 компания қорға 40 миллиард теңге қарыз.
Наурызбаева Ұлттық банк бұған дейін әзербайжан банкінің облигациясын Әзербайжан үкіметінің мемлекеттік облигацияларымен 1-ге 1 номиналымен, 15 жыл мерзімге алмастыруды қарастыратын жоспардың мақұлданғаны хабарлағанын айтты. "Қазір келісім дайындалып жатыр, қыркүйектің соңына қарай аяқталады" деді Наурызбаева.
БЖЗҚ басшысының сөзіне қарағанда, қазір "Инстаком" және "Қазақстан қағазы" компанияларына қатысты реабилитациялық процедура жүргізіліп жатыр. "12 компанияға салынған активтерді өндіріп алу бойынша сот шешімі шықты, 5 компания банкрот деп жарияланды, бір компаниямен сотқа дейінгі реттеу келіссөзі жүргізіліп жатыр" деді Наурызбаева. Оның сөзінше, борышкерлерден 1,6 миллиард теңге ақшалай күйде қайтарылған, қалғаны қайта құрылымдалған.
БЖЗҚ 71,3 миллиард теңге салған Әзербайжан халықаралық банкі 12 мамырда кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындауды тоқтататынын хабарлаған.
БЖЗҚ-да қазақстандықтардың зейнетақы қаражаты жинақталады. Заң бойынша, әрбір жұмысшы жалақысының 10 пайызы осы қорға аударылады. Мамырдың басындағы мәлімет бойынша, БЖЗҚ-да 6,9 триллион теңге (22 миллиард доллардан астам) жинақталған. БЖЗҚ активтерін Ұлттық банк басқарады.