Қырымда "жарылғыш зат пен оқ-дәрі сақтаған" деген айыппен сотталған белсенді Владимир Балух уақытша қамау изоляторында оны ұрып-соғып, қатыгездік танытқаны туралы шағымданған. Бұл туралы "Қырымның құқыққорғаушы тобы" хабарлаған.
Балухтың адвокатының айтуынша, уақытша қамау изоляторының бастығы тұтқында балағаттап, ұлтына қатысты кемсіткен. Балухтың қорғаушысы бұл туралы ресейлік құқық органдарына шағым түсірген.
Бұған дейін украиналық құыққорғаушылар Еуропалық адам құқығы жөніндегі сотқа өтінішінде Владимир Балухты қуғындауға Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мен Мәскеу аннексиялаған Қырым түбегіндегі прокуратураның жоғары лауазымды қызметкерлері қатысқаны туралы жазған.
Кремльге бағынышты Қырым соты тамыздың 4-і күні Владимир Балухты 3 жыл 7 айға бас бостандығынан айыру және оған 10 мың рубль көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарған.
Украинашыл белсенді Владимир Балух өткен жылы желтоқсанда тұтқындалған. ФСБ қызметкерлері оның және анасының үйіне тінту жүргізген. Тергеушілер тінту кезінде тротил шашкілері мен оқтар табылған дейді. Сот тергеуі кезінде Владимир Балух "олар әдейі тастап, маған жауып отыр" деп мәлімдеген.