Қырымдағы Ресей әкімшілігінің 76 жастағы азамат, Паркинсон дертіне шалдыққан тұрғын Сервер Караметовті қамауға алуына қарсылық акциясы кезінде Қырым татарларының бес белсендісі ұсталды. Белсенділер 14 тамызда Симферопольдегі Ресей бақылайтын Жоғарғы сот, ішкі істер министрлігі, парламент ғимараттарының алдында пикет өткізген.
Адвокат Эмиль Курбединов Азаттықтың Қырым редакциясына әріптесі Эдем Семедляев төрт белсендіні полиция бөлімшесінде тергегенде олармен бірге болғанын айтты. Жергілікті құқық қорғаушылар бесінші белсендінің бүгін таңертең бөлек ұсталғанын хабарлады.
Караметов 8 тамызда Симферопольде Ресей Украинадан Қырым түбегін басып алған соң тергеуге алынған Қырым татарларын қолдап акция өткізгенде ұсталған. Қырым соты оны полицияға бағынбады деп айыптап, 10 мың рубль (165 доллар) айыппұл салып, он тәулік әкімшілік қамауға алған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Ресейді Қырым татарларын қуғындап отыр деп айыптайды. Қырым татарларының көпшілігі Мәскеудің түбекті басып алғанына наразы.