Accessibility links

Уолкер: Донбастағы жағдай шиеленісіп барады


АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Курт Уолкер Донецк облысында жүр. Украина, 24 шілде 2017 жыл.
АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Курт Уолкер Донецк облысында жүр. Украина, 24 шілде 2017 жыл.

АҚШ мемлекеттік департаментінің Украина бойынша арнайы өкілі Курт Уолкер Донбастағы жағдай шиеленісіп бара жатыр деп санайды. Бұл жайында америкалық дипломат Financial Times басылымына берген сұхбатында айтты. Оның пікірінше, Кремльдің жанжалды "жылы жауып қойып", санкциямен өмір сүре беру саясаты - қате.

Курт Уолкердің ойынша, Украина шығысындағы қақтығыс шешілмесе Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас жақсармайды. Ол Вашингтонда Киевке соғыс қару-жарақтарын беруді ойластырып жатқанын айтады.

Уолкер Ресейді Минск келісімін орындауға тағы да шақырды. Бұған дейін Донбасқа барып қайтқан дипломат қақтығыс аймағында Ресей әскерінің бары "даусыз факт" екенін, ал аймақтағы жағдайдың өзі "соғыс" екенін айтқан.

Жаңа оқу жылы басталар қарсаңында Донбаста 25 тамыздан бастап бітім жарияланған. Бітім жарияланғаннан бірнеше сағаттан соң Киев пен ресейшіл сепаратистер бітімнің бұзлып жатқанын мәлімдеген.

БҰҰ мәліметі бойынша, Украина шығысында соғыс басталған үш жылдан бері 10 мыңнан астам адам қаза тауып, 24 мыңға жуық адам жараланған. Батыс елдері мен Украина Ресейді Донбастағы сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Кремль Украина шығысындағы қарулы қақтығысқа киліккенін жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG