Accessibility links

Қырғыз президенті жаңа кандидатты "досым" деді


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 15 қазанда өтетін президент сайлауынан соң өзі қызметтен кеткенде одақтастары билік басында қалады деп үміттенетінін мәлімдеді.

28 тамызда Өзген қаласының тұрғындарымен кездесіп тұрып Атамбаев президентікке үміткер Сооронбай Жээнбековті "досым" деп, ал жаңадан тағайындалған премьер-министр Сапар Исаковты "өзім тәрбиелеген жас жігіт" деп сипаттады.

- Досымның президент болып сайлануы мүмкін. Өзім тәрбиелеген жас жігіт премьер-министр болды. Үкіметке жастар келіп жатыр. Олар мен бастаған жолға түспекші. Істерді соңына дейін бітірмекші, - деді Атамбаев.

Жээнбеков пен Исаков қазіргі президент Атамбаевтың жақын одақтастары болып саналады. Атамбаев "бір адам бір ғана мерзім президент болады" деген конституциялық шектеуге байланысты қайта сайлауға түсе алмайды.

Сыншылар Атамбаев президент лауазымынан кетсе де, билігі мен ықпалын сақтап қалуға тырысып жатыр деп санайды. Былтыр желтоқсанда Атамбаев бастама көтеріп, конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдум ұйымдастырылған. Жаппай дауыс беру арқылы премьер-министрдің өкілеті күшейтілген. Премьерді тағайындайтын парламенттегі басым саяси күш - Атамбаевты жақтайтын Социал-демократиялық партия. Оппозиция Атамбаевты осындай жолмен билікке ықпал ету тетігін иеленбек деп айыптайды.

Қырғызстан - 1991 жылдан бері Орталық Азиядағы ең көп президент ауысқан (төрт мәрте) ел. 15 қазанда өтетін сайлауға қатысу үшін қанша кандидаттың ресми тіркелгені 10 қыркүйекте жарияланады.

XS
SM
MD
LG