АҚШ-тың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне дайындаған қарар жобасында Солтүстік Кореяға мұнай жеткізуге эмбаргосын салу, осы ел үкімет мүшелері мен президент Ким Чен Ынның активтерін бұғаттау ұсынылған.
Америкалық және басқа да ақпарат құралдарының қолы жеткен қарарда сонымен қатар Ким Чен Ынның сапарына тыйым салу және Солтүстік Кореяның текстиль экспортына, шетелде жұмыс істейтін 100 мыңға жуық жұмысшыға төлем жасауына тыйым салу туралы да ұсыныс бар.
АҚШ Солтүстік Кореяға қарсы бұған дейін салынған санкцияны Пхеньянның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын бұзып, ядролық және баллистикалық зымыран бағдарламасын одан ары дамытып жатқанына жауап ретінде күшейтуге шақырып отыр.
Қарар жобасында бұған қоса Солтүстік Кореяның Пекин мен Қытайдың басқа да қалаларына, Ресейдің Владивосток қаласына ұшатын рейстері бар Air Koryo мемлекеттік әуе компаниясының активтерін бұғаттау да қарастырылған.
Солтүстік Кореяның басты одақтасы Қытай Ресей сияқты Пхеньянның ядролық сынақ жасауын айыптаған. Бірақ Ресей президенті Владимир Путин 6 қыркүйекте Солтүстік Кореяны ядролық және зымыран бағдарламасы үшін "бұрышқа тақай бермеу керегін" ескерткен.