Accessibility links

Астана: Күш қолдану Солтүстік Корея мәселесін түбегейлі шеше алмайды


Қайрат Омаров, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі.
Қайрат Омаров, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі.

Қазақстан әскери әдіске жүгіну Солтүстік Кореяның ядролық қару жасау бағдарламасына қатысты проблеманы тиянақты және түбегейлі шеше алмайды деп біледі. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің 7қыркүйекте хабарлауынша, бұл туралы Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 4 қыркүйекте Солтүстік Кореяның ядролық сынақ жасауына байланысты шұғыл өткізген жиынында мәлімдеді. Дипломат жиында Солтүстік Кореяның ядролық сынақ жасауын айыптап, "ядролық қару ұлттық қауіпсіздіккке шынайы кепіл бола алмайтынын" айтқан. Ол Солтүстік Кореяны ядролық қаруға ие болу пиғылынан бас тартуға және келіссөзге келуге шақырған.

Солтүстік Корея 3 қыркүйекте жер астында сутегі бомбасын сынақтан сәтті өткізгенін және ол бомбаны құрлықаралық баллистикалық зымыранға орнатуға болатынын мәлімдеген. Пхеньян соңғы айларда Солтүстік Кореяға жақын теңізге бірнеше рет баллистикалық зымыран атқан.

Қайрат Омаровтың сөзінше, Пхеньянның мұндай әрекеті халықаралық қауымдастықтың ұжым болып ядролық қарудан ада әлем құруға жұмсап жатқан күш-жігеріне зиын келтіреді.

Дипломат Қазақстанның Корей түбегіндегі проблеманы ұжым болып, жаңа батыл саяси-дипломатиялық әрекеттер, оның ішінде жете ойластырылған және ықпалы бар санкциялар арқылы шешуді қолдайтынын айтқан.

XS
SM
MD
LG