Шешенстан тергеу органдары республикада 2016-2017 жылдар аралығындағы қыс мезгілінде сотсыз, тергеусіз өлтірілген болуы мүмкін екені жайлы бұған дейін ресейлік "Новая газета" басылымы жариялаған тізімдегілердің бірі, жергілікті тұрғын Исмаил Бергаевтың қазасын растады. Бұл туралы ақпарат сайте "Мемориал" құқыққорғау орталығының сайтында жарияланды. Сайттың хабарлауынша, Шешенстанның тергеу органынан келген жауапта Бергаевтың 2016 жылғы желтоқсанның 20-сында, яғни Грозныйда полицияға қарсы шабуыл жасалғаннан кейін үш күн өткенде ауруханада қайтыс болғаны айтылған.
Шешенстан билігі Исмаил Бергаевтан басқа Грозныйдағы шабуылға қатысы бар деп Сахаб Юсупов пен Мадина Шахбиеваны айыптаған. "Новая газета" Шахбиеваның өткен жылы желтоқсанда белгісіз жағдайда қаза болғаны, ал Бергаев пен Юсупов бір айдан соң Грозныйда атып өлтірілгені туралы жазған. "Кавказский узел" басылымы болса әлгі үш адам 2016 жылғы желтоқсанның 25-і күні аурухана территориясында өлтірілген деп хабарлаған. Шешенстан билігі бұл мәлімдемені жалған деп атағанымен, күдіктердің қазасы туралы ресми мәлімет бермеген.
Биылғы шілденің соңында "Новая газета" басылымы Шешенстанда өткен қыста ондаған адамның ұсталғаны туралы құжаттардың көшірмесін жариялаған еді. Басылым дерегі бойынша, қаңтарда 27 адам сотсыз өлтірілген. Марқұмдардың туыстарын жоғалған адамдардың "Сирияға соғысқа кеткенін" мойындауға мәжбүрлеген.
Шешенстан билігі "Новая газета" басылымының ақпараты шындыққа жанаспайды деп мәлімдеген.