СССР-дің тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачевке Human Projects қайырымдылық ұйымы тағайындаған "Бейбітшілік пен татулыққа жету ісіне сіңірген еңбегі үшін" сыйлығы тапсырылды.
Бұрынғы совет лидеріне 2017 жылғы "Арыстан сыйлығын" тапсыру туралы шешімде "оның ерлігі арқасында әлем сол кезде бүкіл адамзат үшін ең үлкен қатер болған атом қаруымен жанталаса қарулану және Еуропада атом соғысының тұтануы қаупінен арылды" делінген.
"Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, Горбачевке табыс етілген сыйлықтың ақшалай бөлігі (бес мың еуро) Санкт-Петербург қаласындағы Раиса Горбачева атындағы клиникаға аударылады.
1985 жылы наурызда 54 жасында Совет одағы коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы болып сайланған Михаил Горбачев совет қоғамын реформалауға бағытталған жариялылық және қайта құру саясатын жүргізді. Горбачев билікте болғанда СССР мен Батыс арасындағы ұзақ жылдарға созылған "қырғи-қабақ соғысы" аяқталды, совет әскері Ауғанстаннан шығарылды, Орталық және Шығыс Еуропа елдері социалистік жүйеден бас тартты, елде алғашқы еркін сайлаулар өтті, компартияның "жетекші әрі бастаушы" ролі жойылып, СССР президенті қызметі енгізілді. Горбачев бұл қызметті атқарған жалғыз адам ретінде тарихта қалды.
Әлемдегі бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Михаил Горбачевке 1990 жылы Нобель сыйлығы берілген.