20 қыркүйекте Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қырғызстанға қарсы нота тапсырғанын хабарлады. Бұдан сәл бұрын Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сейсенбіде қырғызстандық саясаткер, президент сайлауына қатысып жатқан кандидат Өмірбек Бабановпен кездесуіне наразылық танытқан. Бішкектегі Қазақстанның уақытша сенім жүктелген өкілі Рымтай Кәріпжановты шақыртып, нота тапсырған. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қырғызстанның бұл әрекетіне "таң қалады". Министрліктің вебсайтында жарияланған хабарламада былай жазылған:
"…Қазақстандық тарап биылғы 19 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақстан республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғыз республикасының президенттігіне үміткер кандидаттардың бірімен болған кездесуіне орай Қырғыз республикасының сыртқы істер министрлігінің әрекетіне қатты таңданыс білдіреді. Мемлекет басшысының әртүрлі елдердің көрнекті саяси қайраткерлерімен және саяси партиялардың басшыларымен олардың өтініші бойынша кездесулері тұрақты түрде өткізіліп тұрады және халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Бұл ретте, мұндай іс-шаралар ашық, транспарентті сипатта өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланады. Мәселен, ү.ж. 14 тамызда Астанада Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының президенттігіне кандидаттардың бірі, бұрынғы Премьер-Министр С. Жээнбековпен осындай екіжақты кездесу өткізді".
Астана Бішкектің мұндай реакциясын екі ел арасындағы "одақтық қарым-қатынастар туралы шартқа түбегейлі қайшы келеді" деп сипаттайды. Президент Назарбаев көрші елдегі президенттікке кандидат саясаткермен кездесу арқылы сайлау процесіне ықпал етпек болды деген долбарды Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "ойдан шығарылған тұжырымдар" деп атаған.
Қырғызстан тарабының нотасында: "Достық қатынастағы Қазақстан басшысының Қырғызстанның ішкі ісіне араласпайтыны туралы мәлімдемесіне қарамастан, оның сөзі Қазақстан тарабының болашақ президентке қатысты басымдығын айқын білдіреді. Осылайша, қырғыз тарабы аталған сөзді, сонымен бірге Қазақстан жағының бұл кездесу жайлы кеңінен жариялауын Қырғызстан халқының таңдауына ықпал етуге және Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысу деп бағалайды" деп жазылған еді.
Назарбаевтың кандидат Бабановпен кездесуіне қатысты Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясының өкілі Абдыжапар Бекматов сейсенбі күні Азаттыққа "комиссия ол кездесудің сайлауалды үгіт-насихатпен байланысы бар-жоғын зерттеген соң бағасын береді" деп хабарлаған.