Accessibility links

АҚШ агенттігі Ресейді олимпиадаға қатыстыруға қарсы


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ-тың допингке қарсы агенттігінің жетекшісі Травис Тайгерт халықаралық олимпиада комитеті мен дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы олимпиада ойындарына Ресейдің қатысуына рұқсат беретін сыңай танытып отырғанына алаңдайтыны туралы мәлімдеді.

Тайгерттің пікірінше, "егер стероидтер пайдаланбағанын дәлелдей алса, жекелеген спортшыларға олимпиадаға қатысуына рұқсат етуге болады, алайда, жалпы алғанда тыйым салынған препараттарды пайдалануды әдетке айналдырған елге олимпиада ойындарында орын жоқ болуы тиіс".

"Жаппай тыйым салудан басқа кез-келген шара заңды белінен басқан мықтыны еш жазасыз еркіне жіберіп қоятынымызды білдіреді", - деп мәлімдеген Тайгерт.

Бұған дейін 17 елдің допингке қарсы агенттіктері Ресейді 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарынан шеттетуді талап еткен. Оңтүстік Кореядағы жарысқа ресейліктердің қатысуы "адал спортшылар мен олимпиадалық қозғалыстың болашағына соққы болып тиеді" делінген бірлескен мәлімдемеде. Оған қол қойғандар арасында АҚШ, Канада мен Ұлыбританияның допингке қарсы күрес жөніндегі ұлттық ұйымдарының жетекшілері де бар.

Допингке қарсы күресушілер 2014 жылғы Сочи Олимпиадасы кезінде ереже бұзғандарға қатысты тексеру әлі аяқталмағанын, ал Ресейдің таза спорт жайлы уәдесін орындамай отырғанын атап көрсеткен. Үндеу авторлары халықаралық олимпиада комитетін Ресейді допинг жанжалы үшін жазалауға шақырған. Бұған дейін халықаралық олимпиада комитеті допинг ережесін бұзуға қатысты тексеру жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауға уәде еткен.

XS
SM
MD
LG