Accessibility links

БАҚ: Ташкентте шетелден оралған өзбек жазушысы ұсталды


Нурулло Отаханов, өзбек жазушысы.
Нурулло Отаханов, өзбек жазушысы.

Өзбек жазушысы, екі жыл Түркияда жүріп, 27 қыркүйекте Ташкентке оралған Нурулло Отахановты (Нуруллох Мухаммад Рауфхон) әуежайда ұшақтан түскен бетте полиция ұстады деп хабарлады жазушының әйелі Гүлнара Отахановаға сілтеме жасаған Reuters агенттігі.

Өзбек полицейлері Отахановты Стамбулдан ұшып келген бетте тұтқындап, қолына кісен салып, әуежай сыртындағы полиция бөліміне алып кеткен.

Гүлнара Отаханова Reuters агенттігіне полицияның өзіне күйеуін бөлімшеге апара жатқанын ғана айтып, не үшін ұстағанын түсіндірмегенін және күйеуімен сөйлестірмегенін хабарлаған.

63 жастағы Нурулло Отаханов "Ақ ғимарат түндері" деп аталатын әңгімелер жинағын шығарып, ол бойынша көркем фильм түсірілген. Соңғы жылдары Түркияда тұрған Отаханов сейсенбіде Стамбул әуежайынан Ташкентке ұшарының алдында Азаттықтың Өзбек редакциясына еліне Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев шақырған соң қайтпаққа бекінгенін айтқан еді. Мирзияев таяуда шетелдерде тұратын отандастарын еліне оралуға шақырған.

Жазушы Отаханов 2013 жылдың соңында белгісіз себептермен "Мовароуннахр" баспасының бас директоры және "Хидоят" журналының бас редакторы қызметтерінен босатылған болатын. Бұдан соң ол Өзбекстандағы "ұнамсыз адамдар" тізіміне енгізілген.

Жазушы Түркияда болған екі жылда "Осы күндер" деп аталатын екінші кітабын жазған. Кітабында ол Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Каримов орнатқан режимді сынайды. Жазушы бұрынырақта "Осы күндер" кітабына бола өзбек билігі өзін "халық жауы" және "отанын сатқан" деп танығанын айтқан.

Биыл тамызда жаңа президент Шавкат Мирзияев үкіметі бірнеше мың адам - діни-экстремистік ағымдардың мүшелері мен шетелде қуғында жүрген диссиденттердің "қара тізімнен" шығарылғанын жариялаған. Нурулло Отаханов өзінің еліне оралуына биліктің осы әрекеті түрткі болғанын айтады.

XS
SM
MD
LG