Сәрсенбіде Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының алқасы билік шешімімен жабылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі, "бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін алаяқтықпен әрі аса ірі көлемде жымқырғаны" үшін бас бостандығы төрт жылға шектелген Лариса Харькованың апелляциялық шағымын қарай бастады.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот отырысына прокурор Айдар Жүнісбеков, сотталған Лариса Харькова және оның адвокаты Рашид Қырықбаев, жәбірленушілердің адвокаты Дәулет Байсейітов қатысты. Сотқа тыңдаушы ретінде Ресей еңбек конфедерациясының төрағасы Борис Кравченко мен "Новапроф" кәсіподағының өкілі Иван Милых және бірнеше мемлекеттік емес ұйым өкілі келді.
Сот алқасының төрағасы Зиядинхан Пірнияз Лариса Харькова апелляциялық шағымына қосымша арыз түсіргенін хабарлады. Ол арызды прокурор мен жәбірленушінің адвокатына тапсырып, танысу үшін қанша уақыт кететінін сұрады. Прокурор мен адвокат 36 беттен тұратын қосымша арызбен 15 минутта танысып үлгеретінін айтты. Рашид Қырықбаев қосымша арызда Лариса Харькованың құқығы қаншалықты бұзылғаны тізіп жазылғанын айтып, онымен танысуға 15 минут жеткіліксіз екенін айтты.
Сот алқасы қосымша арызбен танысу үшін бір күн уақыт беріп, істі қарауды 28 қыркүйекке қалдырды.
Ресей еңбек конфедерациясының төрағасы Борис Кравченконың Азаттыққа айтуынша, Лариса Харькованың үстінен шыққан үкім Қазақстан Конституциясына, заңдарына, халықаралық міндеттеріне қайшы келеді. "Біз Лариса Харькованың кінәсін көріп отырған жоқпыз. Апелляциялық сотта оның ақталып шығатынына үміттіміз" дейді ол.