Accessibility links

Прокуратура мемлекеттік тапсырыс жайлы ақпаратқа шағымды қарамады


"Құқықтық медиа орталық" ұйымының директоры Диана Окремова.
"Құқықтық медиа орталық" ұйымының директоры Диана Окремова.

Қазақстан бас прокуратурасы ақпарат және коммуникация министрлігінің БАҚ-тағы мемлекеттік тапсырысты иеленушілер мен оның сомасы туралы ақпарат беруден бас тартуына қарсы шағымды қараудан бас тартты.

"Құқықтық медиа орталық" үкіметтік емес ұйымының директоры Диана Окремованың айтуынша, прокуратура өздеріне берген жауапта "мәселеге араласуға құқықтық ілік көре алмай отырғанын" айтқан. Құқық қорғаушы бас прокуратураның өзі басқаратын ұйымға жолдаған жауабын Facebook-тегі парақшасында жариялады.

"Шағымға ақпарат және коммуникация министрлігінің бізге БАҚ-тағы мемлекеттік тапсырысты кім иеленгені және оның сомасы қанша екені туралы ақпарат беруден бас тартуы себеп болды. "Ақпаратқа қолжетімділік туралы" заңның 6-бабында республикалық және жергілікті бюджет қаржысының қалай алынғаны және оның жұмсалуына қатысты ақпаратқа шектеу қойылмайтыны туралы айтылған" дейді Диана Окремова.

Оның сөзінше, енді "Құқықтық медиа орталық" "өзінің конституциялық құқығын қорғау үшін" премьер-министрге жүгініп, сотқа шағымданбақ.

"Бұл істің соңына нүкте қойып, Қазақстанда заңның жұмыс істейтінін, я істемейтінін анықтау - принципті іс болып отыр" деді Окремова.

Бас прокуратура "Құқықтық медиа орталық" директорына жолдаған жауабында министрліктің ақпарат беруден бас тартуына қатысты жоғары органдарға шағымдануды ұсынған.

18 қыркүйекте ұйым ақпарат және коммуникация министрлігінен мемлекеттік тапсырыстың қалай жұмсалатыны туралы ақпарат беруден бас тартқан жауап алған. Жауапта "мемлекеттік тапсырыстың кімдерге берілгені және оның сомасы туралы ақпаратты жариялауға шектеу қойылғаны" айтылған. Диана Окремованың айтуынша, бұған дейін өздеріне БАҚ-та мемлекеттік тапсырысты орындау үшін 2 миллиард 69 миллион 247 мың теңге жұмсалғаны хабарланған, бірақ ол соманы қандай ақпарат құралдары және қанша көлемде алғаны айтылмаған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG