Бейсенбіде Астанада салынып бітуі уақытынан бірнеше жылға кешігіп жатқан "Оберег" тұрғын үй кешенінің үлескерлері наразылық білдіріп, құрылыс басына барды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. "Оберег" тұрғын үй кешенінің 105 үлескері бар. Бүгінгі жиынға он бес шақты адам ғана келді. Олардың айтуынша, уәделі пәтерлерінің құнын толық төлеп тастаса да, 2014 жылы салынып бітеді деген үйлеріне әлі кіре алмай жүр.
Үлескер, Астана тұрғыны Бақыт Әбдікәрімовтің айтуынша, үйді салып бітеді дегелі төрт жыл болған.
- Осында кеп турамыз дегенге міне, төрт жыл болды. 2018 жылға ұласып барады. Осыған дейн жұмыс та істелген жоқ. Бастықтары ауысады, ананы, мынаны айтып әйтеуір созып жүр, - деді Әбдікәрімов.
Үй тұрғызуға міндет алған "Украин ұлттық орталығы" құрылыс компаниясының директоры Салтанат Байболсын үлескерлерге тұрғын үй келесі жылы салынып бітетініне тағы да уәде етті. Алайда үлескерлер құрылысшыларға сенбейтінін айтады.
- 2018-ші жылдың екінші тоқсанында тапсырамыз. Екінші тоқсан маусым айында бітеді. Сол кезде тапсырамыз деп ойлаймын, - деді компания директоры.
Былтыр желтоқсан айында "Оберег" үлескерлері "Украин ұлттық орталығы" құрылыс компаниясының үстінен ішкі істер департаментіне шағымданған. Айтуларынша, олардың мәселесінен Астана әкімдігі де басқа да құзырлы органдар да хабардар. Бірақ бірнеше жылдан бері еш нәтиже шықпай тұр.
Ресми деректер бойынша, Астанада салынып бітпей жатқан елуден астам құрылыс нысаны бар.