Алматыдағы ардагерлер ұйымдары бүгін 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында бұған дейін жоспарланған сенбіліктің орнына вандализмге қарсылық шеруін өткізді. Жоспарлы сенбіліктің орнына аяқастынан қарсылық шеруіне айналған шара кезінде Алматы әкіміне, қала прокурорына және Қазақстан президентінің әкімшілігіне жазылған петицияға қол жинады.
Қол жинау мен журналистерге комментарий берудің соңы наразылық шеруіне ұласты. Оқиға орнына келген Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев сөзінде Германияда совет жауынгерлеріне қойылған ескерткіштерге деген құрмет Алматыдағыдан жақсы деп мәлімдеді. Шеруде сөйлегендер саябақтағы совет кезінде орнатылған ескерткіштерге жасалған вандализм салдарын әлі күнге жоймай, қарекетсіз отыр деп қала билігін сынады.
Алматы қаласындағы "Ленинград блокадасының тұрғындары" ұйымының жетекшісі Марина Сергиева Азаттыққа "вандалдардың ойраны мен биліктің қарекетсіздігінің артында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қаһармандық туралы естеліктің жойылуына мүдделі белгілі бір саяси күштер тұруы мүмкін" деп мәлімдеді.
Саябақтағы ондаған адам қатысқан наразылық шеруі бейбіт өтті.
Қыркүйектің 15-іне қараған түні Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы қаһарман қалалар аллеясына қойылған ескерткіш тастарды белгісіз біреулер бүлдіріп, жазуы мен жұлдыздарын жұлып кеткен еді. Алматының ардагерлер ұйымдары 20 қыркүйекте қала билігінен саябаққа тәулік бойы полиция күзетін ұйымдастыруды, Мәңгілік алауға қоршау қоюды, саябақтың аумағына бейнебақылау камераларын орнатып, кіреберісіне үш тілде жазылған ереже ілуді талап еткен.
Алматы әкімдігі ішкі саясат басқармасының жетекшісі Нұрлан Сыдықов вандализм оқиғасы мен одан кейінгі қала билігінің іс-әрекетінде саяси себеп болуы мүмкін деген сөзді жоққа шығарды.
Алматы ішкі істер департаментінен саябақтағы вандализм оқиғасын тексеру жайын білмек болған Азаттық тілшісінің талпынысы нәтиже бермеді.
Саябақтағы наразылық акциясынан Азаттықтың фоторепортажы: