Accessibility links

Болгария, Грекия мен Румыния Сербияның ЕО-ға қосылуын қолдады


Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас (солдан оңға қарай), Болгария премьер-министрі Бойко Борисов, Румыния премьер-министрі Михай Тудосе және Сербия президенті Александр Вучич Варна қаласында өткен саммитте. Болгария, 3 қазан 2017 жыл.
Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас (солдан оңға қарай), Болгария премьер-министрі Бойко Борисов, Румыния премьер-министрі Михай Тудосе және Сербия президенті Александр Вучич Варна қаласында өткен саммитте. Болгария, 3 қазан 2017 жыл.

Болгария, Грекия мен Румыния премьер-министрлері Сербияның Еуропа Одағына (ЕО) қосылу туралы өтінішін қолдады. Үш ел басшылары Сербияның ЕО-ға қосылуы аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке кепілдік беруге көмектесетінін мәлімдеді.

"Сербияның нақ орны Еуропа Одағында екенін бәріміз білеміз" деді Болгария премьер-министрі Бойко Борисов 3 қазанда Қара теңіз жағалауындағы Варна қаласында өткен саммиттен соң.

Келіссөзге Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас, Румыния премьер-министрі Михай Тудосе мен Сербия президенті Александр Вучич те қатысты. Келіссөзде басты назар бірлескен инфрақұрылым жобаларына, экономикалық және энергетикалық ынтымақтастыққа, қауіпсіздік мәселелеріне аударылған. Борисов Балқан түбегіндегі үш мемлекет Сербияның ЕО-ға қосылу процесін жеделдетуге жұмыс істейтінін айтты.

Сербия - Балқан түбегінің батысында орналасқан Черногория мемлекеті сияқты ЕО-ға қосылу жөніндегі Брюссельмен келісссөзді 2014 жылы бастаған.

Бұрынғы ұлтшыл, өзін еуропашыл реформатор ретінде көрсететін Александр Вучич Сербияның ежелгі одақтасы Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болуды да қолдайды.

Сербия ЕО-ға кіреді деген үміт барына қарамастан Вучич 3 қазанда одақты Каталония аймағының Испаниядан бөлінуі жөніндегі референдумды мойындаудан бас тартқаны үшін "қос стандарт саясатын ұстанады" деп айыптаған. Вучич ЕО-ның 2008 жылы Сербиядан бөлініп шыққан Косовоның тәуелсіздігін мойындағанын еске салған.

ЕО-ға қазір 28 мемлекет мүше. Ұлыбритания қазір Брюссельмен одақтан шығу келіссөзін жүргізіп жатыр.

XS
SM
MD
LG