2017 жылғы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық кампанияға (International Campaign to Abolish Nuclear Weapons - ICAN) берілді. Бұл туралы 6 қазанда Ослода Норвегия Нобель комитеті мәлімдеді.
Комитет президенті Берит Реис-Андерсен антиядролық кампанияға сыйлық "ядролық қаруды кез-келген жағдайда қолданудың адамзатқа келтіретін салдары орасан зор екеніне назар аудартып, бұндай қару түріне келісім арқылы тыйым салуға қол жеткізудегі күш-жігері үшін" берілгенін айтты.
ICAN 2007 жылы құрылған және оның 101 мемлекетте 468 серіктес ұйымы бар. Әлемде азаматтық бастама негізінде құрылған кампания Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісімнің толық орындалуын бақылайды.
ICAN қарусыздану жөніндегі дебатты ядролық қару қолданудан төнетін гуманитарлық апат тақырыбына бұруға, ядролық қарудың адам денсаулығы мен табиғатқа келтіретін кері салдарына назар аудартуға күш салады.
Ядролық қаруға қарсы халықаралық кампанияға Нобель сыйлығы Солтүстік Кореяның ядролық қару және баллистикалық зымыра сынауына қатысты шиеленіс күшейіп тұрған тұста беріліп отыр.
Кейбір сарапшылар бұған дейін сыйлық 2015 жылы Тегеран мен әлемдік алты держава арасында Иранның ядролық бағдарламасын шектейтін келісім жасасуға септескендерге берілуі мүмкін деп болжаған болатын.