Қазақстанның инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек соңғы айларда әуе оқиғаларының көбеюіне комментарий беріп, проблема дендемегенін мәлімдеді. "Бізде жүйелі дағдарыс жоқ, оң өзгеріс бар" деді Қасымбек дүйсенбіде Астанада басталған Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) аймақтық симпозиумында журналистерге.
Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, жиында авиация мамандарын даярлау мәселелері бойынша жасаған баяндамасында Қасымбек "Қазақстан авиациясының дамуындағы оң өзгерістер" туралы айтты. Министрдің сөзінше, Қазақстан қазір өзге елдермен 96 халықаралық маршрут арқылы байланыс орнатқан.
"ҚазАэроНавигация" мәліметтері биыл авиация нарығында 10 пайыз өсім барын көрсетіп отыр. Ұшу саны артып отыр, жаңа ұшақтар мен жаңа мамандар қажет... Бұл салада технология әр бірнеше жылда өзгеріп отырады, сондықтан үнемі үйретіп, қайта оқытып отыру керек" деді Қасымбек симпозиумда.
3 қазанда Алматы облысында Алматыдан Шымкентке екі дәрігерді алып ұшқан Ан-28 ұшағы апатқа құлаған. Апаттан ұшақтағы бес адам - экипаждың үш мүшесі мен дәрігерлер қаза тапқан.
25 тамызда Алматы облысының Жиделі елді мекенінде екі кісілік МAULE М-7-260С ұшағы құлап, ұшқыш қаза тапқан. 10 тамызда Алматы түбінде Tecnam 2002 оқу-жаттығу ұшағы апатқа ұшырап, инструктор мен курсант қаза болған. Шілденің соңында Жаркентте жеңілмоторлы Як-12 ұшағы құлап, өртеніп кеткен. Қазақстан билігі осыдан соң тергеу аяқталғанша Як-12 ұшағын пайдалануды тоқтатқан.