Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде жылыту маусымына байланысты отырыс өтіп, қаладағы нысандардың жартысына жуығына жылудың әлі берілмеуіне байланысты кейбір басшыларға сөгіс жарияланды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Жиында жылу берілмеген әлеуметтік нысандардың жайы талқыланды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жылыту маусымы 25 қыркүйекте басталғанымен қаланың бірнеше үйлерінде әлі де болса жылу жоқ екенін айтты.
Алты жылдан бері уақытында беріліп жүрген жылу беру қызметінде биыл ғана осындай мәселе туындаған.
- Жаз мезгілінде синоптиктер қыс ерте басталатынын айтты. Алайда, жылыту маусымы басталғанымен барлық үйлер екі апта бұрын жылуға қосылулары тиіс еді. Қаладағы үйлердің жартысына жылу берілмеуіне бұған жауапты қызметкерлердің өз жұмыстарына салғырт қарауы себе болып отыр, - деді облыс басшысы.
Осыған байланысты өздеріне жүктелген міндеттерді дұрыс атқармағандары үшін Құмар Ақсақалов қала әкімі МаратТасмағанбетовке, облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевқа сөгіс жариялады. Ал тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Тасмұрат Қақтадамовқа "қызметіне толық сәйкес емес" деген шешім шығарды.
Жиын барысында Марат Тасмағанбетов соңғы 15-жылу магистралінің жұмысқа қосылғанын айтты. Ал 20 тұрғын-үйде әлі де болса жылу температурасы төмен. Қаладағы "Искорка" балабақшасы мен №1 орта мектептегі тәрбиеленушілер суық ғимаратта білім алуға мәжбүр.
Облыс әкімі "Севказэнерго" мекемесінің қызметкерлеріне жылу болмаған күндерге сәйкес жылудың ақшасын алмауды тапсырды.