Бішкектің Ленин аудандық соты парламент депутаты, бұрынғы бас прокурор Аида Салянованы әділет министрі болып тұрған кезінде қызметін теріс мақсатта пайдаланды деп айыптап, бес жылға соттады. Сот Салянованың мүлкін тәркілеуге үкім кесті. Сотталушының жазасын баласы 14 жасқа толған соң өтейтін болды.
Процесті судья Кубанычбек Касымбеков жүргізді.
2016 жылы желтоқсанда бас прокуратура Салянованың үстінен "қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ол 2009 жылы әділет министрі болып тұрғанында Максим Бакиевтің серігі Алексей Елисеевтің адвокаттық лицензиясын заңсыз ұзартты деп айыпталған.
Аида Салянова қылмыстық істің "саяси астары барын" айтып, өзінің кінәсіз екенін айтады. Ол лицензияны ұзартудан бас тартуға негіз болмағанын айтады.
20 қыркүйекте прокурор Аида Салянованы сегіз жылға соттап, мүлкін тәркілеуді сұраған.
Үкім жарияланғанға дейін журналистермен әңгімесінде Салянова бүгінгі жарыссөзде адвокаты сөйлемегенін, ал өзіне соңғы сөзін айтқызбағанын, сондықтан "қандай үкім шығатынын аңғарып отырғанын" мәлімдеді.
Аида Салянова - оппозициялық "Ата Мекен" партиясының мүшесі. Партия басшысы Омурбек Текебаев биыл ақпанда ұсталып, тамыз айында коррупция айыбы тағылып, сегіз жылға сотталған. Текебаев айыбын жоққа шығарады, ал жақтастары қылмыстық іс саяси мақсатта қозғалған деп біледі.