Астананың ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотында сейсенбіде жергілікті "Благодать" пресвитериан шіркеуінің үстінен "террорға қарсы қорғанысты қамтамасыз ету және террорлық қатерге әлсіз нысанның қауіпсіздігін тиісті деңгейде сақтау міндетін орындамау" айыбы бойынша сот басталды. Бұл бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте 200 айлық есептік көрсеткіш (бір айлық есептік көрсеткіш 2269 теңге) көлемінде айыппұл салу қаралған.
"Благодать" шіркеуі бас пасторының орынбасары Жақсылық Жүзгеновтің айтуынша, 9 қыркүйекте діни бірлестік кеңсесіне полиция қызметкерлері келіп, ғимараттың "террорлық қатерге шыдас бермейтінін" айтқан, ал бір аптадан соң тексеруге келген.
- 2015 жылы біз бұл заң туралы бірінші рет естіп-білдік. Ғимараттың құжатын дайындап, Астананың ішкі істер департаментіне апардық. Ол жерде бұл заңның бізге қатысы жоғын айтты. Ол заңда "200 адамнан бастап" деген пункт бар, ал бізде 160 отыратын орын бар. Сосын олар "Бұл сіздерге қажет емес" деді. Биыл олар 9-ы күні келіп, талапты орындау керегін айтты. 16 қыркүйекте тексеруге келіп, оның барысында ұйғарым жасап кетті, - деді Жақсылық Жүзгенов.
Сотта ол ғимараттарының типтік құжаты қазір уәкілетті органдардың келісімін күтіп жатқанын, ал бұрынырақта олар полицияға терроризмге қарсы заңнамаға сай діни қауым ішінде профилактикалық дәріс жүргізу туралы хат жазғанын айтты.
Бүгінгі сот отырысы сотқа "Благодать" шіркеуіне қатысты толтырылған актіге түсінік беру үшін Астана ІІД қызметкерін сотқа шақыру керек болғандықтан кейінге қалдырылды.
Қазақстанда биыл осымен екінші діни бірлестік "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" заңды орындамады деген айыппен жауапқа тартылып отыр. Маусымда Алматы соты "Иегова куәгерлерінің христиан орталығы" аймақтық діни бірлестігінің қызметін үш айға тоқтатып, айыппұл салған. Сот діни бірлестік орналасқан ғимаратты "халық шоғырланатын нысандарға қойылатын қауіпсіздік талаптарына сай келмейді" деп тапқан. Апелляциялық сот та бұл шешімді күшінде қалдырған.