Америкалық стратегиялық бомбалаушы ұшақтар Оңтүстік Корея мен Жапония истребительдерінің қолдауымен 10 қазанда Оңтүстік Кореяның әуе кеңістігінен ұшып өтіп, оқу-жаттығу мақсатында оқ атты. Бұл туралы Оңтүстік Корея штаб басшыларының біріккен комитеті хабарлады.
АҚШ-тың B-1b екі бомбалаушы ұшағы Гуам әскери базасынан ұшып шығып, оңтүстік кореялық екі F-15 истребителінің қолдауымен Оңтүстік Кореяның шығыс жағалауына барды. Бұнда ұшақтар жаттығу мақсатында "ауа - жер" санатындағы зымырандар атты. Бұдан соң ұшақтар Корей түбегінің оңтүстік жағалауына ұшып барып, Сары теңіз үстінде де зымыран атты. АҚШ әскерилерінің өкілдері жаттығуға сонымен қатар жапон истребительдері де қатысқанын мәлімдеді. Үш елдің әскери ұшақтары мұндай жаттығуды түнде бірінші рет өткізіп отыр.
Жаттығу Солтүстік Кореяның биліктегі партиясы - Корей жұмысшы партиясы құрылған күні өткізіліп отыр. Пхеньян мұндай атаулы күндерді арандату акцияларын жасау үшін жиі пайдаланады.
АҚШ президенті Дональд Трамп 10 қазанда жиын өткізіп, онда Солтүстік Кореяның АҚШ пен оның одақтастарына ықтимал ядролық қару қолдануының алдын алу жоспары талқыланды.