Қазақстан әділет министрлігі әзірлеп ұсынған "Адвокаттар қызметі және заң көмегі туралы" заң жобасы осы түрінде қабылданбауы тиіс деп мәлімдеді бүгін Астанада Қазақстанның әр аймағынан жиналған адвокаттар съезіне қатысушы делегаттар. Жиынға қатысқан 500-ден астам адам Қазақстанның премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына үндеу жобасын әзірледі.
Алматы қаласындағы адвокаттар алқасының өкілі Елена Дворецкаяның сөзінше, үкімет әзірлеген заң жобасы қолданыстағы халықаралық стандарттардың барлығына және адвокатура жұмысының негізгі принциптеріне қатысты ережеге қайшы келеді. Адвокаттың сөзінше, заң жобасын әзірлегендер адвокаттардың құқықтары мен қауіпсіздігіне кепіл беретін нормаларды "сызып" тастаған.
– Тергеу амалдары мен жедел-іздестіру шаралары кезінде адвокатты жасырын қызметке тарту адвокаттық құпияны бұзса немесе сондайға итермелейтін болса, адвокатты ондай қызметке тартуға тыйым салатын нормаларды алып тастаған, - дейді Елена Дворецкая.
Сонымен бірге заң жобасынан егер адвокат қылмысқа күдікті саналмаса, онда оның жұмыс орны жайғасқан баспанасы немесе иелігіндегі басқа орынға кіруге, ондай жерде тексеру, тінту немесе тергеу амалдарын жүргізуге, сонымен бірге адвокаттың жеке басын тінтуге тыйым салатын бапты да алып тастаған.
– Қазіргі заң жобасында көрсетілген кепілдіктер адвокаттарды тиісті дәреже қорғау былай тұрсын, оған жүгінген адамға да қауіп төндіреді, - деп санайды Елена Дворецкая.
Оқыңыз: Адвокаттар заң жобасынан шектеу көреді
Астанадағы жиын соңында адвокаттар Қазақстанның премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа қазір қолданыста жүрген "Адвокаттық қызмет туралы" заңның күшін жою - "заңсыз әрі негізсіз" екені айтылған үндеу қабылдады. Олар премьерден "Адвокаттар қызметі және заң көмегі туралы" заң жобасын құқықтық арнаға сәйкестендіріп, қайта дайындауға жіберуді сұраған.
Астанадағы съезд қарсаңында адвокаттар аймақтардағы әріптестерін билік осы съезге бармауға көндіру үшін қысым жасап, қоқан-лоқы көрсетіп жатқаны туралы айтқан. Кейбірінің мәлімдеуінше, үкімет заңға өзгертулер енгізу арқылы адвокаттар қызметін реттеуді күшейтіп, жаппай бақылау қоюды көздеп отыр. Алайда заң жобасын дайындаған Қазақстан әділет министрлігі құжат республикалық адвокаттардың ролін күшейтіп, министрліктің құзыретін қысқартуға бағытталған деп сендіруге тырысады.