Бүгін Ақтөбеде құқық органдары өкілдері "Астана" сауда үйінен оншақты азаматты ұстап әкеткен. Оқиға куәгерлерінің Азаттыққа айтуынша, түскі сағат 12 шамасында ұсталған азаматтардың барлығы ұялы телефон мен оған қажетті аксессуарлар сатумен айналысатын "діндарлар", кейбірінің "Астана" сауда үйінде телефон жөндейтін орындары бар.
Ұсталған азаматтардың туыстары "Астана" сауда үйіне жақын жердегі Елек полиция бөліміне барды. Нұрсұлу Гафарова "Астана" сауда үйінде ұялы телефон сатумен айналысатын 22 жастағы ұлы Айбатты арнайы жасақ көз алдында ұстап алып кеткенін айтады.
- Қашан ұстағылары келсе, солай алып кетеді. Жібергісі келген уақытта жібере салады. Қылмыскерлер құсатып алды да кетті, - дейді Нұрсұлу Гафарова.
Балалары туралы бір хабар білмек болып Елек полиция бөлімінің есігін қайта-қайта қаққан он шақты әйелге кезекші қызметкер "қазір басшылар жоқ, мен ештеңе айта алмаймын" деп жауап берді.
Әзірше қанша адамды қандай күдік бойынша ұстағаны туралы ақпарат жоқ. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі "Астана" сауда үйінде болған оқиғаға қатысты ақпарат беруден бас тартты.
Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев оқиғаны "телефон ұрлығын ашуға бағытталған іс-шара" деп түсіндірді.
Өткен айда Шымкентте билік арнайы іс-шарасы барысында "деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардан құралған қылмыстық топ мүшелері" деген күдікпен бірнеше адамды ұстаған. Тергеу болжамы бойынша, олар "ұрланған телефондарды алып-сатумен айналысқан". Ұсталған үш адамға "терроризмді насихаттау" және "діни араздықты қоздыру" баптары бойынша іс қозғалып, олар екі айға қамалған.
Оқыңыз: Шымкентте ұсталған "деструктивті ағым мүшелеріне" іс қозғады