Украина Ресейдің үстінен 2014 жылы Донбастағы әрекеттері үшін Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына шағымданды. Бұл жайында Украина әділет министрі Павел Петренко NewsOne телеарнасының эфирінен мәлімдеді.
Петренконың сөзінше, шағымда куәгерлердің 100-ден астам жауабы келтірілген. Министр Киев Мәскеуді Донбаста жетім балаларды ұрлап, Ресейге алып кетті деп айыптайтынын айтты.
Биыл сәуірде Гаагадағы халықаралық сот Украинаның Мәскеуге қатысты уақытша шектеу шараларын енгізу туралы талабын қанағаттандырып, Ресейді Қырым татарларының құқығын шектемеуге және аннексиялап алған Қырымда Украинаның білім беруіне мүмкіндік жасауға міндеттеген.
Украина 2017 жылы қаңтарда Халықаралық сотқа Ресейдің үстінен шағымданған. Киев Мәскеуді БҰҰ-ның терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл және нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою жөніндегі конвенциясын бұзды деп айыптаған. Шағым Кремльдің Донбастағы қарылу қақтығыстағы рөліне және аннексиялап алған Қырымдағы іс-әрекетіне байланысты берілген. Мәскеу өзіне тағылған барлық айыпты жоққа шығарады.