Accessibility links

Құқық қорғаушы: Макс Боқаевтың денсаулығы нашарлаған


Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында. Атырау, 18 қараша 2017 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында. Атырау, 18 қараша 2017 жыл.

"Петропавлдағы ЕС-164/3 колониясында жазасын өтеп жатқан азаматтық белсенді Макс Боқаевтың денсаулығы нашарлаған" деп мәлімдеді 27 қазанда Астанада өткен баспасөз мәслихатында "Қадір-қасиет" ұйымының жетекшісі Анар Ибраева.

Оның сөзінше, бұған дейін Макс Боқаев басына шыққан ісікті операция жасап, кестіріп тастаған. Алайда, оның орнына жаңа ісік пайда болған. Сонымен бірге, ол өкшесін баса алмай қалған. Саусақтары ұйып, жансызданатынды шығарған. Боқаев бұл туралы туыстарымен телефон арқылы сөйлескенде айтқан. Құқық қорғаушылар 2016 жылы жер митингісін ұйымдастырғаны үшін айыпты деп танылып, бес жылға сотталған белсенді медициналық көмек ала алмай, құқығы бұзылып отыр деп санайды. Олар осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарына, денсаулық сақтау министрлігіне хат дайындаған.

- Біз тез арада Макс Боқаевты түзету мекемесінен тысқарыдағы ауруханаға жатқызуды талап етеміз. Оған дәрігер таңдап, медициналық тексеруден өтіп, қажетті медициналық көмек алатындай мүмкіндік жасалуы керек, - деді Анар Ибраева.

Макс Боқаев пен атыраулық тағы бір белсенді Талғат Аянды 2016 жылы қарашада Атырау соты "әлеуметтік араздық тудырды", "митинг өткізу туралы заңнаманы бұзды" және "жалған ақпарат таратты" деп айыптап, бес жылға соттаған. Сот шешімі бойынша, олар сонымен қатар ірі мөлшерде айыппұл төлеуі тиіс. Боқаев пен Аян да өздеріне тағылған айыпты мойындамаған. Жақтастары мен құқық қорғаушылар белсенділерге қарсы істің саяси астары бар дейді.

XS
SM
MD
LG