Accessibility links

Мәскеуде саяси репрессия құрбандарына ескерткіш ашылды


Ресей президенті Владимир Путин мен патриарх Кирилл "Қасірет қабырғасы" ескерткішінің ашылуында. Мәскеу, 30 қазан 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен патриарх Кирилл "Қасірет қабырғасы" ескерткішінің ашылуында. Мәскеу, 30 қазан 2017 жыл.

Мәскеуде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. "Қасірет қабырғасы" деп аталатын мемориал академик Сахаров даңғылы мен Садовое кольцо көшесінің қиылысында орнатылды. Қабырғада қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың мүсіні бедерленіп салынған. Ескерткіште "Ұмытпа" деген сөз 22 тілде жазылған. Мемораил айналасындағы территорияға бұрынғы ГУЛАГ түрмелерінен әкелінген тастар төселген.

"Қасірет қабырғасы" ескерткішінің ашылуына Ресей президенті Владимир Путин қатысты. Ол саяси қуғын-сүргіннің "халықты қандай игілікке жеткізсе де" ақтап ала алмайтын қылмыс екенін мәлімдеді. Путин сталиндік террор кезінде миллиондаған адам "халық жауы" деген айыппен атылып, айдалғанын айтты. Бірақ ол репрессия құрбандарын еске алу қоғамды қарсылық танытуға итермелеу деген сөз емесін мәлімдеді. "Қазір сенім мен тұрақтылық деген құндылықтарға сүенген маңызды" деді Ресей президенті.

30 қазанда бір топ совет диссиденттері мен бұрынғы саяси тұтқындар үндеу жариялап, "Қасірет қабырғасының" ашылуы мен Кремль ұйымдастырған басқа да еске алу шараларына қатыспауға шақырған. Олар Ресейдің қазіргі билігі "Совет режимінің құрбандары жайлы сөз жүзінде ғана өкініш білдіреді, ал іс жүзінде елде саяси репрессияны жалғастырып, азаматтық еркіндікті басып-жаныштап отырғанын" мәлімдеді. "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ескерткіш қоюға болатын құрбандар және әзірге байқамай қоя тұруға болатын құрбандар деп екіге бөлуге болмайды" дейді диссиденттер.

Ресейде 30 қазанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Көп қалада "Есімдердің қайта оралуы" деп аталатын акция өтеді. Акцияға қатысушылар онда сталиндік террор кезінде қаза тапқандардың аты-жөнін оқиды.

XS
SM
MD
LG