Accessibility links

Адвокат: БЖЗҚ экс-басшысы кінәсін мойындады


Руслан Ерденаев, БЖЗҚ-ның бұрынғы басшысы.
Руслан Ерденаев, БЖЗҚ-ның бұрынғы басшысы.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) бұрынғы басқарма төрағасы, қаржы жымқыру және пара алу күдігіне ілінген Руслан Ерденаев "айыбын мойындады" деп хабарлады оның адвокатына сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер. Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында басталған алдын ала сот тыңдауында Адвокат Александр Блок Ерденаевтің "сот алды тергеуі басталғаннан бері тергеуше болысуға тілек білдіріп, тергеуге аса ауыр қылмысты ашуға жәрдемдескенін", "кінәсін толық мойындап, шын ниетімен өкінетінін" мәлімдеді. Адвокат соттан осыған байланысты Ерденаевті қамаудан босатып, үйқамаққа алуды сұрады.

Бұл іс бойынша сотқа Ерденаевтан өзге қордың бұрынғы төрағасының орынбасары Дабыр Медетбеков, қордың қауіп-қатерді басқару департаментінің бұрынғы басшысы Мұса Бахтов пен "АлатауМұнайАлтын" компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы, "Бузгул Аурум" компаниясын құрған Бақытжан Кенжебаев және "Бузгул Аурумның" директоры Азат Найзағарин, "Мегатрансазия" компаниясы директорының бұрынғы орынбасары Талғат Тұртаев да сотқа тартылып отыр.

Прокуратура ақпаратына қарағанда, Руслан Ерденаев пара алды деп, ал Азат Найзағарин "пара беруге болысты" деп айыпталған. Талғас Тұртаев болса "пара алу, беруде делдалдық жасады" деп айыпталып отыр.

Тергеу тұжырымы бойынша, БЖЗҚ-нің лауазымды тұлғалары компания басшысынан БЖЗҚ-ның "БузгулАурум" компнаиясының облигацияларын алу туралы келісім жасасқаны үшін аса ірі көлемде пара алған. Тергеу материалдарына қарағанда, қауіп-қатерді басқару департаменті бұған дейін "қауіп-қатер барын" айтып, "БузгулАурум" облигацияларына инвестиция салмауға кеңес берген.

БЖЗҚ-да жұмыс істейтін, зейнет жасына толмаған қазақстандықтардың міндетіт зейнетақы жарнасы жиналады. Қор активтерін инвестициялау операцияларын тексеру 2016 жылы 21 желтоқсанда басталған.

XS
SM
MD
LG